Жер беті ақ түтінмен жанып жатыр. Аяз оттан жаман. Тиген жерін қарып, күйдіріп барады. Суық от бетті шымшып, көмейге толады. Демді буады.

Отамалы алғаш рет өзінен әл кете бастағанын сезді. Белі сырқырап ауырып барады. Сүйектерінің ауырлығы өмірінде бүгін білінді. Оларды баяғыдан бері қалай арқалап жүрген?!

Ол бетін уқалап, белбеуін тартыңқырап буды. Іші қабысып қалыпты. Мына шекпеніне қатқан мұздың бір кесегі түсіп кеткендей ішкі сарайы да сап-салқын.

Жел енді қара тілдерін жалақтатып, Отамалының тізесін, бетін, шекпенін, етігінің қонышын жалап келеді. Қазір өзі би, өзі құдай. Сонысына масаттанғандай кейде сықылықтап күледі. Сосын ашу шақырып, барпылдап ала жөнеледі. Енді

Бірде қаһарлана қорқытқысы келгендей әртүрлі үнге салады. Сол кезде маңай біресе бұралқы иттің ұлығанындай, біресе тағы мысықтың мауыққанындай, біресе су өгіздің ыңыранғанындай дыбыстарға толып кетеді. Бәрін жасап, бәрін игеріп, бағындырып тұр. Тек күші келмейтін бір заты — қараңғылық. Сондықтан оны көтеріп тастай алмай, әзірше осы қара бояудың ара-арасымен зулап, денесіне соның күйесін жаға ызғиды. Бұл түн Отамалының бағына тағы да қасқырсыз өтті.

Таң алабұртып атты. Әрине, ешқандай сәуле де, ашық жарық та, көкжиек те жоқ. Тек буалдыр, бұлдыр, су қосқан сүттің түсіндей бірдеңе. Сол сүт ағара береді, ағара береді. Таң да, таңертеңгілік те осы.

Аяз күн өткен сайын басылмақ түгіл, қылышын қайрап, найзасын үшкірлей түскен сияқты. Бүгін таңертең Отамалының тымағы, сақал-мұрты, қастары ақ қырауға малынды да қалды. Қырауға бөккен қойларды да жел ұшыртып айдап келеді. Иттің қара көздері қыраудың арасынан моншақтай жылт-жылт етеді. Аяз қарлардың біразын қатырып тастаған екен, қойлардың жүрісі сәл жеңілденейін деді.

Боран сәл серпілгендей. Отамалы түсім емес пе екен деп, көзіне сенбей, қайта қарап еді, шынында да бір өзгеріс бар сияқты. Үш-төрт төбе де көрінді маңайдан. Отамалының іші жылып, денесін әлсіздік билеп қоя берді.



«Енді райы қайтса екен, тәңірім-ай!»

Ойларына тағы бір көз тастап, екі күн бораннан аман қалғанына іштей қуанып келеді. Тіпті, осы жерге құлап түсіп, ұйықтап қалғысы да келеді.

Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. Түске жақын қар қайта жауып, жел оны ірітіп ала жөнелді. Ақ дүлей шабысына қайта басты. Енді әрі аяз, әрі боран қатар жұлынды. Қар бетінде қылтиған бір бұта тыныш қалған жоқ, бәрі де иіліп, бүгіліп, зарлап жатыр. Жер үсті — ызыл мен сарын. Жердің өкпесіне садақтың оғы тигендей ыңыранып жатыр. Кешке қарай топтан екі қой бөлініп қалып қойды. Олардың бауырлары қарға малынып-малынып тұр, шамасы, жүрерге әлі қалмаған болу керек. Ызғырық желдің өтінде екеуі шоңқиып-шоңқиып қала берді.

«Алда, жануарларым-ай!»

Отамалының көзінен жас ыршып кетті. Артына ұзақ қарады. Ішін белгісіз бір у тырнап өткендей, қатты күйзеліп кетті. Бірақ тоқтауға мүмкіншілік жоқ, топ алға кетіп барады. Отамалы да желмен жылжи берді. Олардың қиын өліммен, азапты өліммен өтетінін біліп кетті. Біраздан соң оларды боран ажал көрпесіне орап алып, жоқ қылып жіберді.

Түнде бұлар бір топ қамысқа тап болды. Аяқтарында әрең тұрған қойлар қамыстың ішіне кірісімен қарға бауырларын төсеп жата-жата кетісті. Қамыстың арасы желден де ықтасын.



Отамалы қуанып кетті. Қамыстың о шеті мен бұ шетіне бір шығып еді, қомақты-ақ. Қойлардың бәрі түгелдей соған сыйған. Жануарлар қамыстың ызылын жамылып жым-жырт жатыр. Тек қамыс бастары ғана бір-біріне тие сартылдасып, ызы-қиқы үн шығарады.

Отамалы ық жақтан келіп, біраз қамыс сындырды. Белі еңкейгенде сырқырап, әрең иліктірді. Жүріспен байқамапты, қолдары, тізесі де үсіген сияқты. Сындырып алған қамыстарын әрірек апарып үйді де, бір шетінен жел ұшырып кетпесін деп, аяғымен басып тұрып, шақпақ тасын сартылдата бастады. Қолы илікпейді, екі тасты бір-біріне әрең тигізеді. Ұшқын көпке дейін білтеге тимеді. Бірер уақыттан кейін ғана қу қамыс лап берді. Әуелі от Отамалыға шапшыды, бірақ Отамалы бұрылып үлгірді, сосын ол желдің ыңғайына құлап, дүрілдей ала жөнелді.

Отамалының денесінде ыстық қан ойнап кетті. Беті балбырап, тізесі ысыды. Қолдарына әл кіргізді. Шекпенін шешіп, былай алып қойды. Ондағы ойы — сыртындағы жел жібермейтін қатқан мұзын ерітіп алмау. Отамалыны ұйқы мен көмескі ойлар шырмап, денесін балбырата берді. Сақалындағы қатқан мұзы еріп, иегінен су болып ақты. Отамалы өзінің ескі ошағын есіне алды. Тап кетер күні кеште ошақтың жанында осылай отырып еді-ау. Көзін гүрлеп жанып жатқан қамыстан айырмай, өткен өмірін ойша бір сүзіп өтті. Адам дегеннің өмірі жыланның бойындай қысқа екен ғой. Бірақ соның өзі тұнып тұрған азап, азап, азап...

Кенет оттың ар жағынан біреудің екі көзі жалт ете қалды. Отамалы түршігіп кетті. Қасқыр екен деп ұшып түрегелді. Бірақ иті екен. Ол да отқа тығылыпты, қайтсін, бишара!

От ұзақ жанбады. Отамалыны шырмаған ойлар да отпен бірге сөнді. Долы жел ұшқындарды ық жаққа құшақ-құшақ ұшырып, әрірек апарып тұншықтырып жатыр. Ақырғы қалған ұшқындар мен күлді де аямады. Кейбір ұшқындар боранға көпке дейін әл бермей, жарқырап барады да, ақырында, кеудесіндегі жылуын жоғалтып, көзден ғайып болады.


7831366318607179.html
7831466533933967.html
    PR.RU™